Ақмола облысында білім беру жүйесі аясында ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соңғы оқу жылында өңірде тоғыз жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл шешім оқушы орындарының тапшылығын айтарлықтай қысқартып, балалардың оқу жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік берді.
Мәселен, Целиноград ауданында мектеп орындарының жетіспеушілігі сегіз есе азайса, Көкшетау қаласында бір жарым есеге төмендеді. Ал Бұланды ауылында көп жылдан бері шешілмей келген апатты мектеп мәселесі оң шешімін тауып, оқушылар енді қауіпсіз әрі заманауи мектепте білім алуда.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тек қалада ғана емес, ауылдық елді мекендерді де қамтып отыр. Биыл тағы бес жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өз кезегінде өңірдегі жүздеген оқушының сапалы білімге қолжетімділігін арттырады.
Атап айтқанда, Целиноград ауданының Жаңа Жол ауылында 80 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Дәл осындай мектеп Жарқайың ауданының Бірсуат ауылында да бой көтеруде. Көкшетау қаласында 588 оқушыға арналған «Білім-инновация лицейінің» жаңа ғимараты салынуда. Сонымен қатар, Бармашино шағын ауданында 500 орындық №10 мектептің құрылысы қарқын алған. Ал Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінде 300 орындық мектеп тұрғызылып жатыр.
Салынып жатқан жаңа мектептер – жай ғана ғимарат емес, бұл – өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына арналған білім кеңістігі. Олар заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушылардың шығармашылық әрі зияткерлік әлеуетін ашуға толық мүмкіндік береді.
Мектептерге салынған инвестициялар – бұл өңірдің болашағына салынған инвестициялар. «Келешек мектептері» жобасы – бүгінгі ұрпаққа жайлы, қауіпсіз әрі сапалы білім алудың кепілі.#келешекмектептері